pic2

Озық өндіріс орындары

2018 жылдың 14 желтоқсан күні Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінде 16 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне арналған «Озық өндіріс орындары» атты көрменің ашылу салтанаты өтті. Экспозицияда қаламыздағы ірі өндіріс орындарының жұмысына қатысты жәдігерлер қойылған. Олардың ішінде «Семей цемент зауыты» ЖШС, «Силикат» ЖШС, «Семей құрылысы материалдары» ЖШС, «Семей аяқ киім фабрикасы» ЖШС, «Семей протездік-ортопедиялық орталығы» АҚ, «Роза» ЖШС, «Қаражыра» ЖШС, «ФИК АЛЕЛ» АҚ, Семей майлар зауыты бар. Бұлардың барлығы өңіріміздің, еліміздің экономикасында өзіндік орны, ондаған жылдық тарихы бар ірі зауыттар мен фабрикалар. Тау-кен өндірісін, құрылыс саласына қажетті материалдар жасау ісін, жеңіл өнеркәсіпті, нақты айтқанда, әр түрлі шикізаттардан аяқ-киім түрлерін жасау ісін өрістетіп келе жатқан кәсіпорындар.  

         Жалпы алғанда экспозицяға 110 жәдігер қойылған. Мысал үшін келушілер аталған кәсіпорындардың өнімдерінің - силикат кірпіштердің, азбесттен жасалған шатыр жабындыларының, теріден, киізден жасалған аяқ киімнің үлгілерін көру мүмкіндігін иеленеді. Бұдан бөлек жұмыс барысында пайдаланылатын құрал-саймандар, тау-кен өндірісі саласында қолданылатын техниканың модельдері, зауыт-фабрикалар ұжымдарының түрлі жарыстарда жеңіп алған кубоктары мен диплом, грамоталары, өндіріс ошақтарының тыныс-тіршілігінен сыр шертетін фотосуреттер қамтылған.     

         Көрменің ашылу салтанатына жоғарыда аталған өндіріс орындарның басшылары мен қызметкерлері, қала колледждедірінің студенттері мен БАҚ өкілдері шақырылған. Шара барысында Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сабырбаев Қайрат Зекенұлы жұртшылықты келе жатқан мереке 16 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнімен құттықтап, биыл құрылғанына 60 жыл толған Семей цемент зауыты мен силикат кірпіш зауытының басшылығына музей ұжымы атынан алғыс хаттар табыстады. Ашылу салтанатының соңында көрме экспозициясы бойынша экскурсия жүргізілді.

IMG_7056 IMG_7058 IMG_7068
^Жоғары