pic2

Музей тарихы

         Қазақстандағы көне музейлердің бірі – Семейдің облыстық тарихи-өлкетану музейі 1883 жылы саяси жер аударылған орыс демократтары  Е.П. Михаэлис, М.И. Долгополов, П. Д. Лобановский және қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың бастамасымен құрылған болатын. Сонымен қатар музейдің  ірге тасын қалауға А. А. Леонтьев,А. А. Блэк, Н. Я. Коншин В. Н. Филипов, М. И.Суворцев сияқты жер аударылғандар үлестерін қосқан. Музейдің және қоғамдық кітапхананың құрылуына қолдау көрсеткен Статистика комитетінің төрағасы, губернатор А. П. Проценко болды.

          Әр уақытта музейдің қалыптасып,  дамуына ұлы Абай,  оның талантты шәкірті, ақын, философ  Шәкәрім Құдайбердиев, заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтер қолдау көрсеткен. Музей құрылғалы  8 рет қоныс аударған екен. 1978 жылдан бүгінгі күнге дейін музей 1895 жылдары салынған  генерал – губернатор үйінің ғимаратында орналасқан. Революция және азаматтық текетірес кезінде бұл ғимарат «Бостандық үйі» деп аталған. Осы ғимаратта 1917 жылы Алаш қозғалысының басшысы Әлихан Бөкейханов қала тұрғындарымен кездескен. Сол жылы осы ғимаратта қазақтардың бірінші облыстық съезі өтті. Съезде Қазақ автономиясын құру туралы шешім қабылданды.

         Музей қоры саяси жер аударылғандар мен жергілікті зиялылардың  жеке коллекцияларымен толтырылғаны музей тарихынан белгілі. ХХ ғасырдың басында, яғни, Орыс географиялық қоғамы Батыс – Сібір бөлімі  Семей бөлімшесі құрылған кезеңде музей қорында 2489 жәдігер болды. Оның көбі (427 дана) тарихтың ерте және орта дәуіріне жататын жәдігерлер еді. Олар бүгін де музейдің алтын қоры болып есептеледі.

        Қорында 34 мың сирек кездесетін басылымы бар ғылыми кітапхана  - семейліктіктердің мақтанышы. Мұнда сирек кездесетін сөздіктер, анықтамалар, ғылыми жұмыстар Орта Азия, Қытай, Ресей ғалымдарының еңбектері, Семей статистика комитетінің есептері, атлас және географиялық карталар бар. Орыс география қоғамы Батыс – Сібір бөлімі Семей бөлімшесінің ғылыми жазбалары сақталған. ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың бас кезеңіне жататын баспа басылымдары осы кітапханадан  табылады.

        Қазіргі күні музей қорында 108 мыңнан артық жәдігер сақтаулы. Жаңартылған экспозициялар музейдің алты  залында: «Палеонтология және геология», «Туған өлкенің  табиғаты», «Археология және этнография», «Қала және өлкенің тарихы», «Алаш қозғалысы және Алаш қаласы туралы», «Семей ядролық полигоны», «Семей тәуелсіздік жылдарында»  атты бөлімдерде орналасқан. Музейдің көрме залында тақырыптық көрмелер ұйымдастырылып тұрады. Сонымен қатар қалалық мәдениет сарайында орналасқан «Семей Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты экспозиция залы мен Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылында,  Үржар ауданында, Аягөз қаласында музей филиалдары  жұмыс жасайды.

^Жоғары