pic2

«Семейліктер Ұлы Отан соғысы жылдары» атты зал

        Жастарды отансүйгіштікке, аталар мен әкелердің ұрыс шептері мен еңбек майданындағы ерлік істері негізінде батырлыққа тәрбиелеудің үлкен мектебі болған ардагерлер кеңесінің белсенді мүшелері күшімен 1985 жылы Ұлы Жеңістің 40 – жылдығына орай құрылған Ерлік және Еңбек даңқы музейі соғыс және еңбек ардагерлері кеңесі ұсынысы бойынша, тарихи - өлкетану музейінің қолдауымен 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Семейліктер Ұлы Отан соғысы жылдарында» экспозициялық залы  болып жаңадан жабдықталып, қайта құрылды. 1985 жылдан бері қалалық мәдениет сарайында орналасқан бөлім болашақ  ұрпақ үшін патриоттық тәрбие орталығы болды. Сонан бері мұнда студенттер, оқушылар Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен және Ауған соғысы ардагерлерімен кездесулер өткізіп, жас сарбаздар апталығы, атаулы күндерге орай тақырыптық кештер мен кездесулер, тарих сабақтары, тақырыптық сынып сағаттары өткізіледі. Музейге келушілер саны жылына 25 мыңнан асады. 

        Музейде семейлік 54 Кеңес Одағының батырлары мен 13 Данқ ордендерінің толық иегерлеріне арналған көрме, жерлестеріміздің соғыстан жазған хаттары, марапаттары, суреттері, жауынгерлік жеке заттары қойылған. 

            1910 – 1941 жылғы үлгідегі «Максим» пулеметі. Бұл қару түрі неміс-фашист басқыншыларымен соғыста кеңінен қолданылды. Қазақтың батыр қызы Мәншүк соғыста осы қарумен жауға ойсырата соққы бергені белгілі.

 Мәскеу түбіндегі шайқасқа қатысқан жауынгер Тәлеуқадыр Жұмабековтың 1945 жылы майданнан жазған хатымен Абайдың өлеңдері, орыс классиктерінің шығармаларынан үзінділер, майдандас жолдастарының жаңа жылға арналған тілектері жазылған кітапша.

   Ленинградты қорғаған Проскурин  Иван Емельяновтің тиген оқтан тесілген жауынгерлік қасығы.

 

Кеңес Одағының Батыры Жанғазы Молдағалиевтің фотобейнесі мен куәлігі. Ж. Молдағалиев 07.06.1917 ж. Семей облысы, Абай ауданы, Қарауыл ауылында дүниеге келген. Воронеж, Сталинград, Дон, Днепр түбіндегі шайқастарға қатысқан Жанғазы Украинаның сол жағалауын азат етуде және Днепрден өту кезінде ересен ерлік үлгісін көрсетті. 01.11.1943 жылы Днепропетровск облысы Чернопаровка ауылы түбіндегі шайқаста жау амбразурасын денесімен жауып ерлікпен қаза болды. 19.03.1944 жылы Кеңес Одағының Батыры атағы берілді және Ленин, Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталды.

  

«Семей Ұлы Отан соғысы жылдарында» экпозициясында мыңнан артық жәдігерлер, соғыс кезіндегі құжаттар, қару-жарақтар

мен деректер қойылған.

^Жоғары