pic2

Музей залдары

   Ежелгі дүниеден  бүгінгі күнге дейінгі Семей өңірінің тарихын көресетін музей экспозициясы анфиладамен жасалған жеті залда орналастырылған. Келушілерге қазіргі заманғы жабдықтар: сенсорлы киоскілер, кең экранды проекторлар, теледидарлар қызмет етеді. Келушілер үшін барлық жағдай жасалған.

   Экскурсия кіре берістегі Шығыс Қазақстан облысының картасынан басталады.

   1920 жылдың 4 желтоқсанында Қазақ АКСР орталық сайлау комитеті 1 сессиясы шешімімен Зайсан, Қарқаралы, Семей, Өскемен, Павлодар уездерінен және Алматы губерниясы аумағының бөлімінен тұратын Семей губерниясы құрылды.

1932 жылдың 20 ақпанында Қазақ ОСК ІІ сессиясы шешімімен Шығыс Қазақстан облысы құрылды. Облыс орталығы – Семей.

   Құрамына 21 аудан кіреді .КСРО Жоғары кеңесі Президиумы жарлығымен 1939 жылдың 14 қазанында Шығыс Қазақстан облысы құрамынан орталығы Өскемен қаласы болып Шығыс Қазақстан облысы бөлінді. 1997 жылы облыс орталығы ­Өскемен қаласы болып екі облыс қайтадан біріктірілді.

Семей қаласы Ертіс өзенінің екі жағалауында, яғни, сол және оң жағалауында орналасқан. Бұл жер теліміне Еуропаның  Болгария,  Греция, Албания сияқты үш мемлекетін орналастыруға болады. Облыс солтүстікте Ресеймен, шығыста Қытаймен, оңтүстікте Алматы, батыста Павлодар, Қарағанды облыстарымен шектеседі. Облыс жер телімінде Семей қаласынан 40 км. Еуразия континентінің географиялық ортасы белгіленген. Қазір ШҚО 14 әкімдік ауданға бөлінген. 2007 жылғы 21 маусымда ҚР Президенті жарлығымен Семипалатинск деген қала атауы Семей деген атауға ауыстырылды.

 

 

«Геология және палеонтология»

  Семей өңірінің геологиялық экспозициясы геологиялық картада көрсетілген. Картада жер қабатының геологиялық шөгінділері берілген. 4 диарамада жер бетінде тіршіліктің пайда болған кезеңдері анық көрсетіледі.

   Витрина ішінде тасқа айналған моллюск қабықшақтары, минералдар бетіндегі көне өсімдіктер таңбалары орналасқан, сондай-ақ экспозицияда мүйізсіз керкеден және бизон бас сүйектерінің бөліктері, зілдің (мамонттың) сойдақ және азу тістері, омыртқа сүйектері көрсетілген. 

   «Пайдалы қазбалар» экспозициясы. Орталықта пайдалы қазбалардың шоғырланған жерлері көрсетілген карта орналасқан. Картада кен орындары белгіленген: құрылыс материалдарының шоғырланған жерлері, алтын кендері көрсетілген. Бөке, Ақжал, Суздаль кен орындарында алтын қазылады. Өлкетанушы ағайынды Белослюдовтар музейге минералдар жиынтығын сыйға берген. Көптеген пайдалы қазбалардың шоғырланған жерлерін іздеп тапқан Сухоруков Александр Архипович, Кучукова Фарида Ахметовна, Ахметов Хамит Оразович сияқты азаматтардың фотосуреттері мен жеке заттары көрмеге қойылған. Сонымен қатар кеншілердің еңбек құралдары да орын тапқан. Семей өңірінің жер телімі рельефі әр қилы. Орталық және батыс бөлімі климаты күрт континентті, яғни, қысы өте суық, жазы өте ыстық, құрғақ болады. Макеттер арқылы өсімдік және жануарлар әлемі әр маусымда қалай өзгеретінін байқаймыз. Атмосфералық қысымды, ауа температурасын, ылғалдығын өлшейтін метеорология құралдары тұр.

 

«Табиғат»

    Өңірдегі ең ірі өзен Ертіс өз бастауын Қытайдан алады. Зайсанға дейін Қара Ертіс деп аталады. Ресейдегі Ханты-Мансийск қаласындағы Обь өзеніне құяды.

   Жер бетінің топырақты қабаты карталарда көрсетілген. Академик Л. Н. Прянишников, Л. И. Прасолов, С. С. Неуструев, К. Д. Глинки сияқты ғалымдардың портреттері қойылған.

  Келушілерді Шығыс Қазақстан облысының өсімдік әлемімен таныстыру қарағайлы орманнан басталады. Қарағайлы орман кең даламен ұштасады. Ары қарай тау тауға жалғасады. Жануарлар әлемін құс пен аңдардың тұлыптары арқылы тамашалауға болады. Мысалы: түлкі, қоңыр аю, қарсақ, борсық, саршұнақ, киік; құстар: бүркіт, құр, үкі, шағала, жапалақ. Облысымызда 300 -ден артық құс түрі, 40 – тан артық аң түрі мекендейді. 1883 жылы зоолог – ғалым Виктор Селевин сыйлаған жәндіктер коллекциясы да ерекше орын алып тұр.

 

 

«Археология және өңір тарихы»

   Экскурсия археологиялық картадан басталады. Картада ежелгі адамдардың еңбек құралдары табылған мекендер белгіленген. 140 мың жыл бұрын ежелгі адамдар Шығыс Қазақстан облысын мекендеген екен.

   Археологиялық зерттеулер арқылы біздің өңіріміз палеолит кезеңіне жатады. Тастан жасалған еңбек құралдары бұл кезеңнің дәлелдері болып табылады. Қола кезең дәлелдері – пышақтар, әр түрлі қанжарлар, балық аулауға арналған күршектер, қыш ыдыс, т.б. еңбек құралдары.

   Қола кезеңде Қазақстан жерін андрон мәдениетіне жататын тайпалар мекендеген. Жерімізде 30 – дан артық осындай мекендер табылған. Андрон мәдениетіне жататын қыш ыдыс, тас кетпен көрмеде тұр. Темір ғасырға бөлек экспозция арналған.

   ҮІІ ғасыр ескерткішіне гранит тастан қашалған адам мүсіні жатады. Мұндай мүсіндер Монғолиядан бастап Чехия, Венгрия жеріндегі Карпат тауларынан да табылған.

 

«Қала тарихына арналған экспозиция»

      1714 жылдың 24 мамырында Петр І жарлығымен подполковник Бухгольц бастаған экспедиция алтын көп шоғырланған жерді іздеуге шығады. 1717 жылы В. Чередов және П.Северский Ертіс өзені жағасына бекініс салуға аттанады. Ертістің оң жағалауында бекініс құрылысын салуға В. Чередов шешім қабылдайды. Бұл бекіністі ХҮІІ ғасырда салынған жеті шатырға байланысты Семипалатная деп атайды. 1734 жылы саяхатшы Миллер құлап қалған осы жеті шатырды тауып, олардың тарихын жазып алады. 1776 жылы Семипалатинск бекінісін жаңа жерге көшіру ұйғарылады.

   Келушілер қала өміріндегі ең маңызды оқиғалармен танысады. Әскерилердің  қарулары, Ямышев қақпасының құлпы, ХІХ ғасырда Семипалатинск базарында сатылған тауарлар, қаланың ең бірінші тарихи таңбасының көшірмесі, т.б. жәдігерлер залға қойылған. Сол заманғы дүкендер, ләпкелер, алғашқы банкілер фотода бейнеленген. Нумизматкалық коллекция да көрмеде өз орнын алған.

 

   Келесі залда ХІХ ғ. соныңдағы Семей өмірімен танысуға болады. ХІХ ғ. 70 жылдары Семейде саяси жер аударылғандар көп болды. Олардың көбі білімді адамдар болғандықтан, осы өңірдің тарихын, мәдениетін зерттеумен айналысты.

    Абай Құнанбаев Михаэлис, Долгополов, Гросс сияқты саяси жер аударылып келген орыс демократтарымен достасты. Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердиев, Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылығына ерекше экспозиция арналады.

 

 

   Михаэлис, Долгополов, Герасимов, Коншин сияқты саяси жер аударылғандардың бастамасымен 1883 жылы қалада алғашқы қоғамдық кітапхана, тарихи – өлкетану музейі құрылып, 1902 жылы Орыс география Қоғамы Батыс –Сібір география бөлімінің Семей бөлімшесі ашылады.

 

«Этнография залы»

   Ұлттық мәдениетте қазақ халқының зергерлік өнері ерекше орын алып тұр. Музей қорында ХҮШ – ХХ ғғ. жататын зергерлік әшекей бұйымдар бар. Бұл бұйымдар арқылы қазақ халқының сол кездегі рухани мәдениетін байқауға болады. Қазақ халқының қол өнері керемет бай екеніне көз жеткіземіз. Киіз үйдің құрылысын және үйдің жасауын тамашалаймыз, шымылдықпен бөлінген ағаш кереует, жүк аяқ, асадал, кебеже - осының бәрі аштан жасалып,  сүйекпен әшекейленген.

   Бұл өнерді екінің бірі игермеген. Шеберлер шеберлік құпиясын атадан балаға мұра еткен. Көшпенді халық үшін былғары ыдыс ыңғайлы болған. Олар жеңіл және сынбайды. Көрмеде сусын сақтайтын торсық, белдік, жүген бар. Ал былғарымен қапталған сандықты жағлан деп атаған.

 

 

«Семей тәуелсіздік жылдарында» 

   Бұл зал музейдің ең әдемі және кең бөлмесі. Төбесі биік, көне аспалы шам ілінген, әдемі бағандары бар бөлмеде ертеде қонақ күтіп, концерт, бал кештері өткізілген.

   «Алаш идеясы – Тәуелсіздік негізі», «Семей ядролық полигоны: кеше, бүгін, ертең...», «Семей тәуелсіздік жылдарында» тақырыптарымен аталған экспозиция арқылы өңірдің ғылым, экономика, мәдениет, өндіріс жаңалықтарымен танысуға болады.

 

«Алаш идеясы – тәуелсіздік негізі» атты экспозиция бөлімі

   Бұл экспозиция қазақ халқының тәуелсіздік үшін күресі туралы тарихын көрсетеді. Бүгінгі тәуелсіздігіміз бастауын ХV ғасыр сұлтандары Керей мен Жәнібектен, Абылайхан бастаған жоңғарлармен  шайқасқан, қазақ халқының соңғы ханы Кеңесары Қасымовтың Ресей патшалығының отаршылдығымен он жыл соғысынан, Ыбырай, Шоқан, Абай сиқты қазақ халқының ұлылары армандарынан, Алаш қозғалысының ұлттық – демократиялық идеологиясынан алады.

   Алаш қозғалысының сәтсіздігі де қазақ халқының  рухын түсірген жоқ. 1986 жылдың желтоқсан айы қазақ еліне тәуелсіздігін ала келді. Бұл бөлім Қазақстан Республикасы Президенті Н. Назарбаевтың 1991 жылғы желтоқсан айындағы тәуелсіз егеменді Қазақстан Республикасы құрылғаны туралы жарлығынан бастап бүгінгі күнге дейін қазақ халқының тәуелсіздікке жеткен жолын айқын көрсетеді.

 

«Семей ядролық сынақ полигоны»

   Ядролық дәуір 1945 жылғы 16 маусымнан басталады. Бұл күні АҚШ атом бомбасын шығарып, Нью – Мексико штатында сынақтан өткізеді. КСРО-нда ядролық сынақтарды И.Курачтов басқарған, ал бұл сынақтарға тікелей басқаруды Л. Берия мен И. Сталин жасады. Семей ядролық полигоны КСРО Министрлер Кеңесі шешімімен 1947 жылы 21 тамызда құрылды. 1949 жылы 29 тамызда бірінші сынақ Семей полигонында өткізілді. Полигон трагедиясы 40 жылға созылды.

   1953 жылғы тамызда термоядро қондырғысының, ал 1955 жыл  А. Сахаров шығарған бомбасының сынағы өтті.

   Экспозицияда жарылыстардың фотосуреттері, ғалым – атомшылар Ю. Харитон, И.Курчатов, А. Сахаровтың, Семей ядролық полигонына байланысты фотосуреттер берілген.

   1989 жылғы 28 ақпанда «Невада – Семей» антиядролық қозғалыс құрылды. Қозғалыс мақсаты тек Семей полигонын жабу ғана емес, бүкіл жер бетіндегі ядролық полигондарын жабу болды. Қозғалыс президенті және ұйымдастырушысы – О. Сүлейменов.

   Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Семей полигоны кешені базасы негізінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Ядролық Орталығы құрылды. Экспозицияда антиядролық қозғалысқа байланысты фотосуреттер, ҚР ҰЯО байланысты құжаттар мен деректер  және 1991 жылғы 29 тамызда шыққан тарихи жарғының көшірмесі бар.

 

Өңіріміздің ғылыми және мәдени жетістіктері

   Семей – Қазақстанның рухани және мәдени орталығы. Семей – ұлы Абай Құнанбаев , Шәкәрім Құдайбердиев, Мұхтар Әезовтың отаны. Сонымен қатар Семей жерінен көптеген ғалымдар мен қоғам қайраткерлері шыққан.

    КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова, ҚР халық әртісі Роза Рымбаева, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, сазгер Теміржан Базарбаев, Қазақ ҚСР Еңбек сіңірген әртісі Жәнібек Кәрменов, Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі Мәдениет Ешекеев, Ә. Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармония әншісі Келденбай Өлмесеков т.б. Ертіс өңірінен шыққан. өнер қайраткерлерінің жеке заттары мен фотосуреттері экспозицияда ерекше орын алады.

   Социалистік Еңбек Ері, Қаз КСР еңбек сіңірген ұстаз Жақия Шәйжүнісовтың өмірі мен қызметі туралы құжаттар көрсетілген. Ғалым, абайтанушы, Семей қаласындағы Абай мұражайының негізін қалаушы, Қаз КСР алғашқы Мемлекеттік Әнұраны авторларының бірі Қайым Мұхамедхановтың өмірі мен қызметіне арналған құжаттар мен деректемелерге экспозицияда ерекше орын берілген.

   Ш. Уәлиханов атындағы «Жас ұлан» ер балалар лицейі болашақ әскери адамдарды тәрбиелейтін оқу орны. Лицей қабырғасында ер балалар жалпы әскери, заңгерлік, экономикалық бағытта білім алады.

   1994 жылы ашылған Қазақ – түрік лицейі Қазақстан мемелекеті мен Түркия елінің достық қарым – қатынасының нәтижесі. Лицейдің оқу – тәрбие  жұмысы Қазақстан Республикасы Ғылым және Білім министірлігі бекіткен талаптарға сай оқушылар түрік, ағылшын, орыс тілдерінде білім алады. Лицей туралы экспозицияда фотосуреттер, құжаттар, оқушылардың  салтанантты киімі қойылған.

   Семей Медициналық академиясының үздік оқушылары мен дәрігерлері марапатталған мемлекеттік наградалар, белгілер, ескерткіш сыйкәделер де осында орналастырылған.

 

Өңіріміздің өндірісі

  Қазіргі күні Семей өңірінің өндіріс алпауыттары өз жұмысын қайта жандандырып жатыр. Мысалы: цемент зауыты, ет – консерві комбинаты, былғары – тері комбинаты, құрылыс материалдары зауыты, машина жасау зауыты, танк жөндеу зауыты. Өткен ғасырда Семей жеңіл өнеркәсібімен  әйгілі болса, қазір қалада ауыр машина жасау кластері дамуда. Машина құрастыру мен металл өңдеумен «Семипалатинский машиностроительный завод» АҚ, автобус шығарумен DAEWOO – «Сем АЗ» ЖШС айналысады.

   Бұл кәсіпорындар индустрияда жергілікті шикізатты қолданады. «Силикат», «Цемент» АҚ, темір бетон құрастыру комбинаты цемент, шифер, кірпіш, темірбетон шығарады.

   «Шығыс Қазақстан Ұн – Комбикорм комбинаты» АҚ Семей тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. «Роза» ЖШС туралы материалдар экспозицияда бар.

   Шығыс Қазақстан облысы - республикадағы ірі агроөнеркәсіп өңірі. Ауыл шаруашлығы – көп салалы. Мал шаруашылығы  маңызды саланың бірі болып тұр. Семейден 10 шақырым жерде Ертістің сол жағалауында мал шаруашылығымен айналысатын «Агрофирма «Приречное» ЖШС орналасқан.

   «Хлебокомбинат – Восток» ЖШС өңірімізді ұннан жасалатын тағамдармен және сүт тағамдарымен қамтамасыз етеді. ЖШС шығаратын өнімдері: нан, тоқаш, торт, кондитер, макарон тағамдары, печенье, пряник, балмұздақ, т.б.

   Семей- Қазақстанның маңызды көлік тарабы. Қала ортасынан ірі автомобиль және темір жол өтеді. Ертіс өзені арқылы үш көпір тартылған. 1998 – 2000 жылдары өзен арқылы аспалы көпір құрылысы жүргізілді. Көпір құрылысын келісім бойынша Қазақстан және Жапон мемлекеті жүргізді. «Исикавадзима – Харима Индастриз» жапон фирмасы және Қазақстандық құрылысышылар салған аспалы көпір туралы экспозицияны көрермендер тамашалауына болады. Семей қаласы өнеркәсіптері шығаратын бұйымдардың көрмесі мен суреттері, наградаларына арналған экспозиция бар.

 

Көрме залы

   Музейдің көрме залында Семей өңірінде болып жатқан тарихи күндерге байланысты деректер жиналған. Мұнда дәстүрлі экскурсия, дәрістерден басқа мәдени кештер, клуб отырыстары өткізіледі. Соңғы жылдары ұйымдастырылған қызықты көрмелер: «Музейдің алтын қорынан», «Семей заман белестерінде», «Семей спорты тарихынан», «Семей – Қазақстан футболының отаны», «Олардың есімімен көшелер аталған», Отырар, Павлодар, Өскемен қалаларының музейлері де шығармашылық мақсатта көшпелі көрмелермен келіп, Семей жұртшылығына ұсынады.

 

^Жоғары